03 Шілде, 2017

Астана – ерен еңбек пен ерік-жігердің айғағы 

377 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәні мен салтанаты келіскен ел­орда аса қысқа мерзімде барша қа­зақ­­стандықтардың маңдайға басар мақ­танышына, сүйікті Астанасына айналды.  Бұл – айтуға оңай бол­ға­нымен, қыруар қаржылық ресурс­ты қажет ететін әрі ұйымдастыру, орындау, қадағалау тұрғысынан жүз­деген, мыңдаған адамдардың ерік-жігеріне, қарым-қабілетіне, ең ақыр аяғы ниетінің оң-терістігіне тәуелді жұмыстарды табанды түрде еңсерудің нәтижесінде ғана мүмкін болды.  

Астана – ерен еңбек пен ерік-жігердің айғағы 

Иә, Мемлекет басшысы сол қиын­дықтардың бәрін еңсеру үшін орасан күш-жігер жұмсағанына біздер, журналистер қауымы куәміз. Мысалы, Қазақстан Президенті 2000 жылдары Астана құрылысының мәселелері жөнінде ай сайын дерлік  кеңес өткізетін. Жиын барысында әрбір нысанға тартылған инвестициядан бастап, құрылыс қай деңгейде жүріп жатқанын, қандай кедергілерге кезіккенін ежіктеп сұрап, туындаған проблемалардың дереу шешімін тауып отыратынын көз көрді. Елбасы тіпті салынып жатқан ғимараттардың сыртқы пішіні мен түр-түсіне дейін назар аударды. Қала ғимараттарының өңі-түсі ақ қар жамылып жататын алты ай қыста да әдемі, ашық, ажарлы болуы керектігін ұдайы айтып, қасбетті сұрғылт түспен қаптаған мердігерлерге ескерту жасаудан да жалықпады. 

Осындай ыждағаттылық пен қатаң бақылаудың нәтижесінде қала құрылысы қарқынды жүрді. Жаздың желді күнінде шаңытып тұратын, орталық көшелерінің өзінде жауынды күндері резіңке етікпен жүретін лайсаң, кеңестік үлгідегі ескі Ақмола бас-аяғы 10-15 жылда заманауи
жаңа қала – ажарлы Астана болып құлпырды. Аумағы 2-3 есеге ұлғайды. Бірақ әлемнің кейбір астаналары секілді бейберекет өсуге, ауа жайылған жабайы құрылысқа жол берілген жоқ.  

Қала тағдырына климаттың да әсері зор. Елбасы мұны да ұдайы қаперінде ұстады. Ауа райы күрт құбылмалы, қысы қатал, жазы ыстық, жері саздауыт болғасын, бұрынғы Ақмоланың айналасында күннен көлеңке, желден қалқа боларлық жасыл-желек жоқтың қасы еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан күш-жігер жұмсап, жіті қадағалауының арқасында Астананы орай жасыл орман белдеуі бой көтерді. Қыстың да қытымыр мінезі сынып келеді. 

Елордасы ең алдымен тұрғындарына жайлы, қонақтарына қызықты әрі қолайлы болуы керек. Сондықтан жа­ңа стандартпен жұмыс істейтін сауда желілері мен ойын-сауық орта­лық­тарының, әлемдік деңгейдегі қыз­мет көрсету талаптарына сай ке­летін денсаулық нысандары мен қонақ­үй­лердің, спорт сарайларының  құры­лыстарына да баса назар аударылды. Яғни, қала халқы үшін мәдени-әлеуметтік, экономикалық  маңызы бар барлық нысанның  алғашқы тасын қалаудан бастап, олардың ашылу рәсіміне дейін ерінбей қатысты. Бұл біреулерге ұсақ­тық болып көрінген шығар, бірақ жас мемлекеттің жаңа елордасын хал­қымыздың талғамын өсіріп, талабын ұштайтын, санасын серпілтіп, мерей­ін тасытатын мақтанышына, шын мәніндегі сүйікті қаласына айналдыру мақсатын қойған Елбасы үшін мем­ле­кеттік маңызы бар мәселе болды. Әйтпесе, «Астана келбеті – ұлт келбеті» деп айшықтап айтпас еді. «Астана – отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» деп тебіренбес еді.

Елордамыз шынында да тәуел­сіз­ді­гіміздің тірегіне, дағдарыстан алып шыққан қасиетті тұмарына айналды. Астана құрылысын бастау арқылы бүкіл экономикаға жан біткенін бүгінде бәріміз мойындаймыз. Елорданың арқасында құрылыс индустриясы дамып, ол басқа сабақтас салаларға қозғау салды. Ел жұмыспен қамтылып, әлеуметтік жағдай, жалпы өңірлік ауқымдағы демографиялық ахуал жақсарды. 

Астаналық деген ұғымға сай қала мәдениеті қалыптасты. Жаһан жұртына аса ауқымды халықаралық іс-шараларды – әлем мемлекеттері қатысатын ірі саммиттер мен спорт жарыстарын өткі­зе­тін, төрткүл дүниеге төрелік айтып, алысты жақын, аразды тату қылатын қайырымды қала ретінде танылды. Әлемді аузына қаратқан саясаткерлер, сөзі дуалы дінбасылар, өнері асқан шеберлер, саңлақ спортшылар таңдайын қағып тамсанды. 
Астана астана болуы үшін қажетті негізгі шарттардың бірі – қолайлы көлік-логистика жүйесінің болуы десек, Еура­зияның жүрегінде орналасқан елорда тоғыз жолдың торабын түйістірген мегаполис деңгейіне жетті. Бас қаладан байтақ еліміздің барлық бағытына бас­тайтын және көрші елдермен байла­ныс­тыратын, Еуропа мен Азияны, Шы­ғыс пен Батысты жалғайтын авто­көлік, темір жол, әуе қатынасы қам­та­­масыз етілді. Осылайша Астана тұтас Еуразия құрлығындағы транзиттік көлік жүйесінің ең маңызды бөлшегіне айналды. Осы айтылғандардың барлығы жекелей алғанда астаналықтардың, жалпы алғанда бүкіл Қазақстан халқының игілігіне қызмет етіп жатыр. 

Айбын Шағалақов,
«Егемен Қазақстан»